Бұл – парсы тіліндегі түпнұсқа мәтіннің аудармасы. Парсы тіліндегі түпнұсқа мәтін

بسم اللّه الرّحمن الرّحیم
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен.

«Халықтың жастығы» тақырыбындағы төртінші ұлттық шараның өткізілуі – халық санының маңызды мәселесі туралы сөз қозғауға жақсы мүмкіндік. Құдірет пен прогрестің және барған сайын күшейе түсетін Иранға қол жеткізудің құрамдас бөліктерінің ішінде қадірлі Иранның болашақ халқының санын барлық қажетті сандық және сапалық қырларын сақтай отырып арттыру мәселесі ең маңыздыларының бірі саналады. Соңғы онжылдықтарда ұлы шейіт көшбасшы اعلی‌الله مقامه‌الشّریف (Алла оның мәртебесін жоғарылатсын) талай рет баса айтқан бұл стратегиялық әрі тағдыршешті мәселе әлеуетті жүзеге асыруға, сан алуан ғылыми, мәдени, экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерді жасап, арттыруға да, сондай-ақ дұшпандардың қатерлері мен қастандықтарының алдын алып, оларды жоюға да ықпал етеді. Елдің істерін жоспарлау мен басқару саласын билеп алған ұзаққа созылған әрі зиянды немқұрайлылықтан кейін енді кейбір шаралардың нәтижесінде халық пен басшылардың бұл мәселеге тереңірек көзқараспен ден қоюына мүмкіндік туған сияқты.

Халықтың түрлі қырлары мен оның әр саладағы қажеттіліктері мен мұқтаждықтарына назар аударғанда, кейде отбасы, кейде жеке адам істерді бағалаудың өлшемі болады. Тұрғын үй мен көптеген тауарлар мен қызметтер сияқты кейбір салаларда оның тұтынушысы мен пайдаланушысы – отбасы, ал тамақ, киім-кешек және денсаулыққа қатысты істер сияқты басқа салаларда өлшем бірлігі ретінде жеке адам алынады. Қажетті халық санына қол жеткізу мәселесі осы екі қырдың екеуі де қатысатын істердің қатарына жатады. Сондықтан отбасының іргетасын нығайтуға қатысты түрлі инфрақұрылымдар мен қырларға ден қою еліміздің демографиялық қисығын түзету жолындағы күш-жігердің тұрақты элементі болмақ; сол сияқты оған қатысты жеке қырларға назар аудару да қажет. Жас кезде некеге тұруды жеңілдетуге, өзі көптеген жайттарға байланысты болатын жеке адамның денсаулығын қамтамасыз етуге, бала сүюді қолдауға, отбасын басты орынға қоятын мәдениетті насихаттауға және осы саладағы табысты үлгілерді таныстыруға байыпты әрі ауқымды мән берудің әрқайсысы – Иранның күшейе түсуі жолындағы тиімді қадам. Сондай-ақ осы мәселелерді ұлттың барша өкілдеріне, әсіресе жастарға дұрыс түсіндіру де осы бағыттағы тағы бір көмек болмақ.

Бұл жер мен оның халқына жарқын әрі салтанатты болашақ тілейтін әрбір намысты иран азаматының жаңа исламдық өркениет деңгейінде ирандықтардың ұрпақ жалғастығы үшін күшті ынтасы мен ерік-жігері болатыны сөзсіз. Бұрынғы кейбір демографиялық саясаттардан туындаған кемшіліктердің орнын толтырып, жас халықтың санын арттыру мен бұл мәселеде отбасын басты орынға қоюдың дұрыс әрі стратегиялық саясатын ыждағаттылықпен жүргізу арқылы қадірлі Отанымыз біз тұрған қауіпті асудан және тағдыршешті кезеңнен аман-есен өтеді, сондай-ақ Алланың жәрдемі мен мырзамыз Заман иесінің عجّل‌الله تعالی فرجه‌الشّریف (Алла Тағала оның мәртебелі келуін жеделдетсін) ізгі дұғасы мен берекесі арқасында осы заманда ақиқат пен әділеттің ту ұстаушылары саналатын ирандықтарға Алланың берекелерінің түсуіне себептер барған сайын көбірек әрі жақсырақ жасалады деп шын жүректен үміттенемін, بمنّه و کرمه (Өзінің кеңшілігі мен жомарттығымен).

Сейед Моджтаба Хосейни Хаменеи
3 азар 1405 жыл