1405 жылға арналған Наурыз үндеуі: «Ұлттық бірлік пен ұлттық қауіпсіздік аясындағы қарсыласу экономикасы» жылы
Бұл – парсы тіліндегі түпнұсқа мәтіннің аудармасы. Парсы тіліндегі түпнұсқа мәтін
بسم الله الرّحمن الرّحیم
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен.
یا مقلب القلوب والابصار یا مدبّر اللیل و النهار یا محوِّل الحول و الاحوال، حَوِّل حالَنا الی احسن الحال.
Уа, жүректер мен көздерді аударушы! Уа, түн мен күнді басқарушы! Уа, жылды және жағдайларды өзгертуші! Біздің халімізді ең жақсы халге айналдыра гөр.
Биыл рухани көктем мен табиғат көктемі, яғни қасиетті Ораза айт мерекесі мен көне Наурыз мейрамы бір мезгілге тұспа-тұс келді. Осы екі діни әрі ұлттық мерекемен ұлтымыздың әрбір өкілін құттықтаймын, ал қасиетті Ораза айт мерекесімен әлемдегі барлық мұсылмандарды ерекше құттықтаймын. Сонымен қатар, Ислам жауынгерлерінің айтулы жеңістеріне орай баршаңызды құттықтауды және екінші таңылған соғыстың, дей айындағы төңкеріс әрекетінің, үшінші таңылған соғыстың аса қадірлі шейіттерінің, қауіпсіздік пен шекара күзетінің шейіттерінің және есімі белгісіз шейіт сарбаздардың барлық отбасылары мен туыстарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасатынымды білдіруді өзіме парыз санаймын.
1405 күн жылының келуіне орай төменде баяндайтын бірқатар сөздерім бар.
Алдымен өткен жылдың кейбір маңызды оқиғаларына қысқаша шолу жасаймын. Өткен жылы қадірлі халқымыз үш әскери-қауіпсіздік соғысын бастан кешірді. Бірінші соғыс хордад айындағы соғыс еді: сионистік жау Американың ерекше көмегімен әрі келіссөздер жүріп жатқан сәтте арамза шабуыл жасап, еліміздің ең үздік қолбасшылары мен көрнекті ғалымдарының бірқатарын, кейін шамамен 1000 отандасымызды шейіт етті. Жау өрескел есеп қатесінің салдарынан бір-екі күннен кейін Ислам жүйесін осы халықтың өзі құлатады деп ойлады. Алайда сіздердің, халықтың, сергектігі, Ислам жауынгерлерінің теңдесі жоқ ерлігі және сан алуан жанқиярлықтың арқасында онда дәрменсіздік пен жігерсіздік белгілері өте тез байқалды; ол делдал іздеп, атысты тоқтатуға ұмтылу арқылы өзін құздың шетінен әйтеуір бір жолмен құтқарды.
Екінші соғыс дей айындағы төңкеріс әрекеті болды. Америка мен сионистік режим Иран халқы таңылған экономикалық қиындықтардың әсерінен жаудың көздегенін жүзеге асырады деп ойлап, өз жалдамалыларын пайдалана отырып сансыз қасірет тудырды, алдыңғы соғыспен салыстырғанда қадірлі отандастарымыздың одан да көбін шейіт етіп, орасан зор шығын келтірді.
Үшінші соғыс – қазір біз ортасында тұрған соғыс. Оның алғашқы күнінде үмбеттің мейірімді әкесі, ұлы көшбасшымызды – Алла оның мәртебесін биіктете берсін – шейіттер керуенінің басында, Алланың рақымы аясында, пәк нұрлардың жанында, шыншылдар мен шейіттердің қатарында өзіне әзірленген орынға зор құштарлықпен аспани сапарға асығып бара жатқан сәтте, жасқа толы көздермен, мұңды әрі жаралы жүрекпен шығарып салдық. Сондай-ақ сол күннен бастап бұл соғыстың басқа да шейіттерін – соның ішінде Минабтағы «Шажара Таййиба» мектебінің бүлдіршіндерін, «Дена» эсминецінің батыл да жазықсыз жұлдыздарын, Ислам революциясы сақшылары корпусының, армияның, құқық қорғау күштерінің (ФАРАЖА) және Басидждің шейіт қолбасшылары мен жауынгерлерін, есімі белгісіз сарбаздарды, батыл шекарашыларды, сондай-ақ кішісі мен үлкені бар ұлтымыздың өзге де өкілдерін – нұрдан жаралған керуенмен көз алдымыздан өтіп бара жатқанда терең өкінішпен біртіндеп шығарып салдық. Бұл соғыс жау өз пайдасына айтарлықтай халық қозғалысы болатынынан үмітін үзгеннен кейін және егер жүйенің басшысы мен бірқатар ықпалды әскери тұлғаларды шейіт етсе, сіздерде, қадірлі халқымызда, қорқыныш пен түңілу туғызып, майданнан кетуге мәжбүрлеймін, осылайша Иранды билеп, кейін оны бөлшектеу арманын жүзеге асырамын деген елеспен басталды. Алайда сіздер осы қасиетті айда оразаны жиһадпен ұштастырып, ел аумағындай кең қорғаныс шебін және оның алаңдары, маҳаллалары мен мешіттерінің санындай берік қамалдар құрдыңыздар, осылайша оған басын айналдыратын соққы бердіңіздер; нәтижесінде ол сергектіктің жоқтығы мен түйсіктің әлсіздігінің белгісі болып табылатын бір-біріне қайшы сөздер мен түрлі сандырақтарды айтуға көшті.
Сіздер бұған дейін 22 дейде төңкеріс әрекетін басып тастадыңыздар, 22 бахманда жаһандық менмендік күштерге қарсылықтарыңызды және талмайтындарыңызды тағы бір мәрте көрсеттіңіздер, ал Құдыс күнімен тұспа-тұс келген 22 эсфандта оған осы соққыны беріп, оның ісі тек зымыран, дрон, торпеда және әскери істермен шектелмейтінін ұқтырдыңыздар; Иранның алдыңғы шебі оның аянышты да тар ойынан әлдеқайда ауқымды. Дәл осы жерде осы ұлы ерлікті жасағаны үшін қадірлі халықтың әрбір өкіліне алғыс айтуды орынды санаймын; сондай-ақ батыл, шыншыл әрі халықшыл Президентке және осы шараларда ешқандай салтанатсыз, қарапайым түрде халық арасында болған өзге де лауазымды тұлғаларға алғыс білдіремін. Мұндай іс және оны көрсету өз алдына өте құптарлық әрекет бола алады, ол халық пен басқарушылар арасындағы ынтымақты барынша нығайтады. Қазіргі таңда діни, ой-пікірлік, мәдени және саяси бастаулары әртүрлі сіздер, отандастар, арасында пайда болған таңғаларлық бірліктің арқасында жау жеңіліске ұшырап, күйреді. Мұны Ұлы да Асқақ Хақ Тағаланың ерекше нығметі деп білу және оған тілмен де, жүрекпен де, іс жүзінде де көп шүкір ету қажет. Бұзылмайтын заңдылықтардың бірі – қандай да бір нығметке шүкір етілсе, шүкірдің мөлшеріне қарай оның тамыры берік болып, не болмаса ол арта түседі және шүкір етушіге одан да көп игілік жіберіледі. Қазір іс жүзіндегі шүкірдің талабы – осы ұлы нығметті тек Ұлы да Асқақ Хақ Тағаланың рақымы деп біліп, мүмкіндігінше одан жақсы пайдалану. Осылайша бұл ынтымақ сөзсіз арта түсіп, болаттай бекемделеді, ал жауларыңыз бұрынғыдан да қор әрі жасық болады. Бұл 1404 жылдың кейбір маңызды оқиғаларына жасалған шолу еді.
Ал енді 1405 жылдың табалдырығында тұрған кезде бірнеше нәрсеге тап болып отырмыз. Солардың бірі – қадірлі қонағымыз, 1447 жылғы қасиетті Рамазан айымен мәңгілікке қоштасуымыз. Бұл айдың Қадір түнінде жүректеріңіз жоғарғы әлемге бет бұрып, Мейірімді Алланы шақырдыңыздар, ол да мейірім назарын сіздерге аударды. Сіздер мырзамыздан – Алла Тағала оның келуін жақындатсын – және оның Раббысынан жеңіс пен табысты, саулық пен сан алуан нығметтерді тіледіңіздер. Бұл жүйе мен бұл халыққа әрдайым көрсетілген ілтипат тарихын ескерсек, Алла қаласа, жүректеріңіздің тілегін не дәл сол күйінде, не одан да жақсысын аласыздар. Адамдардың танымы неғұрлым терең болса, соғұрлым ащы әрі мұңлы бола түсетін осы қоштасумен бір мезгілде қасиетті әрі берекелі Шәууәл айының жаңа айын құшағымызға аламыз және үміт пен қорқыныш араласқан күймен Ұлы да Мүбәрак Хақ Тағаланың айт сыйын күтіп отырмыз. Сіздердің, қадірлі халқымыздың, түнгі және күндізгі жауапкершілікке толы қатысуларыңыздан және Құдыс күнінде жасаған ерліктеріңізден кейін Хақ Тағала бізге тек біз бен сіздер үйреніп қалған кеңпейілдігімен, сабырлылығымен, кешірімімен және кең мейірімімен ғана қарайды деп үміттенемін. Әсіресе жақын арада мырзамыз Уәли Аллаһ әл-Аъзамның жалпыға бірдей келуі ісінде толық жеңілдік туралы сүйінші хабармен оның мүбәрак жүрегін қуанышқа толтырады деп үміттенеміз; соның арқасында дүние халқына сан алуан береке жауады – Оның нығметі мен кеңпейілдігімен.
Біз тап болып отырған тағы бір нәрсе – көне Наурыз мейрамының маңызды мерекесі. Бұл мейрам табиғаттан жаңару, балғындық пен өмір сыйын ала келеді және қуаныш пен шаттыққа толық сай келеді.
Бір жағынан, жалпы халық үшін бұл – шейіт көшбасшымыз бен өзге де аса қадірлі шейіттер арамызда жоқ алғашқы жыл. Әсіресе шейіттердің отбасылары мен туыстарының жүрегі жақындарын жоқтаудан қаралы. Сонымен бірге мен өз тарапымнан және айналасында бірнеше шейіті бар қарапайым азамат ретінде былай ойлаймын: біз қаралы киім киіп, жүрегіміз барлық шейіттер үшін қайғы мен мұңның ұясына айналғанымен, осы күндерде жас келіндеріміз бен күйеу жігіттеріміз шаңырақ көтерсе, өте қуанамыз; Алла қаласа, шейіт көшбасшымыз бен осы соғыстың өзге де ұлы шейіттерінің дұғасы бұл қадірлілердің жолына серік болсын. Сондай-ақ жалпы халыққа осы күндердегі әдеттегі барыс-келісті, әрине, шейіттердің туыстарына құрмет көрсетіп, олардың жағдайын ескере отырып жалғастыруды ұсынамын; тіпті әр маҳалланың тұрғындары қажетті келісім жасалып, мүмкіндік болса, жаңа жылдағы көрісулерін сол маҳалланың шейіттерін құрметтеуден бастағаны жөн болар. Әрине, құрметті үкімет қадірлі көшбасшымыздың шейіт болу қасіретіне байланысты белгілеген аза мерзімі өз күшінде қалады және оны сақтау осы жүйе мен елдің ұлылығының бір қыры болып саналады.
Осы сөздерден кейін тағы бірнеше қысқа сөзім бар.
Біріншіден, осы күндері алаңдарда, маҳаллаларда және мешіттерде болумен қатар, еселенген еңбекпен өздерінің әлеуметтік рөлін арттырып жүргендерге ерекше алғыс айтуым керек. Олардың қатарында мемлекеттік те, жеке де кейбір өндірістік кәсіпорындар, кейбір қызмет көрсету салаларының өкілдері және әсіресе кәсібі талап етпесе де, халыққа түрлі пайдалы қызметтерді тегін көрсетіп жүрген адамдар бар; Аллаға шүкір, мұндайлар өте көп.
Екіншіден, жаудың бір бағыты – оның ақпараттық операциялары. Ол осы күндері халықтың жекелеген өкілдерінің санасы мен психикасын нысанаға алу арқылы ұлттық бірлікке, соның салдарынан ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруді көздеп отыр. Біз немқұрайлылық салдарынан және өз қолымызбен бұл сұрқия ниеттің жүзеге асуына жол бермеу үшін сақ болуымыз керек. Сондықтан еліміздің ішкі БАҚ-тарына, олардың арасында болуы мүмкін барлық ой-пікірлік, саяси және мәдени айырмашылықтарға қарамастан, әлсіз тұстарды көтеруден қатаң тартынуды ұсынамын. Әйтпесе жаудың мақсатына жетуі мүмкін.
Үшіншіден, жаудың бір үміт саңылауы – ертеден қалыптасқан экономикалық және басқарушылық әлсіздіктерді пайдалану. Шейіт көшбасшымыз – Алла оның мәртебесін биіктете берсін – түрлі жылдары жылдың басты бағыты мен ұранын экономика ісіне арнаған болатын. Осы бейшара пенденің кемшін түсінігінше де, халықтың күнкөрісін қамтамасыз ету, тіршілік пен әл-ауқат инфрақұрылымын жетілдіру және жалпы халық үшін байлық өндіру – басты мәселе әрі жау тұтатқан экономикалық соғысқа қарсы қорғаныстың, тіпті айтарлықтай алға жылжудың бір түрі ретінде қарастырылуы тиіс. Маған берілген мүмкіндіктердің бірі – түрлі әлеуметтік топтардан шыққан қадірлі халықтың сөздерін тыңдау мүмкіндігі болды. Мысалы, белгілі бір кезеңде өз өтінішіммен дайындалған таксиде таныс емес кейіппен Тегеран көшелерінде сіздермен бірге жол жүріп, сөздеріңізге құлақ түретінмін және мұндай іріктеуді көптеген сауалнамалардан жоғары санайтынмын. Менің пайымым көп жағдайда әдетте экономикалық және басқарушылық мәселелерге қатысты түрлі сын түрінде айтылатын сіздердің сөздеріңізбен сәйкес келетін. Осы орайда сіздерден көп нәрсе үйрендім және әлі де жаңа нәрселер үйренуге ұмтыламын. Мысалы, қасиетті Рамазанның 19-ы күнінің алдында және одан кейін де алаңдарда болған сіздердің түрлі өкілдеріңізден біраз нәрсе үйрендім. Бұл нығметтен айырылмаймын деп үміттенемін. Осы үйренгендер мен естігендердің және өзге де зерттеулердің нәтижесінде мүмкіндігінше жан-жақты болатын тиімді әрі сарапшылар саралаған емдеу жолын әзірлеуге күш салынды. Аллаға шүкір, бұл іс айтарлықтай деңгейде жүзеге асты және жақын арада, Алла Тағала қаласа, жоғары жігерлі лауазымды тұлғалардың бүкіл ұлт өкілдерімен бірлесе отырып іске асыруына дайын болады. Осы бөлімнің соңында ұлы мәртебелі шейіт көшбасшымызға еліктей отырып, биылғы жылдың ұранын «Ұлттық бірлік пен ұлттық қауіпсіздік аясындағы қарсыласу экономикасы» деп жариялаймын.
Төртіншіден және соңғысы, алғашқы мәлімдемемде жүйенің көрші елдермен қарым-қатынас жөніндегі көзқарасы мен саясаты туралы айтқандарым – байыпты әрі шынайы мәселе. Біз көршілік факторынан бөлек, бірінші кезекте мүбәрак Ислам дініне ортақ сенім, сондай-ақ олардың кейбірінде қасиетті зиярат орындары мен киелі жерлердің болуы, кейбірінде тұрғын және жұмысшы ретінде көптеген ирандықтардың болуы, енді бірінде ортақ этникалық тамыр немесе тілдік ортақтық не болмаса әсіресе менмендік майданына қарсы ортақ стратегиялық мүдделер сияқты өзге де рухани факторларды білеміз; олардың әрқайсысы өз алдына жақсы қарым-қатынасты нығайта алады. Мысалы, шығыстағы көршілерімізді өзімізге өте жақын санаймыз. Мен ертеден Пәкістанның шейіт көшбасшымыздың ерекше ықыласына бөленген ел екенін білетінмін; оның бір көрінісі ондағы діндес халқымыздың өміріне қауіп төндірген қиратушы су тасқынына байланысты жұма намазының хұтбаларында оның тамағына өксік тығылған сәтте байқалды. Мен де түрлі себептермен әрдайым осылай ойлайтынмын және түрлі жиындарда мұны айтудан тартынбайтынмын. Дәл осы жерде бауырлас екі елден, яғни Ауғанстан мен Пәкістаннан, Алланың ризалығы үшін және мұсылмандардың бірлігін бұзбау үшін болса да өзара жақсырақ қарым-қатынас орнатуларын сұрағым келеді; мен өз тарапымнан қажетті шараларды қолға алуға дайынмын.
Сондай-ақ, екеуі де бізбен жақсы қарым-қатынаста болып табылатын Түркия мен Оманда бұл елдердің кейбір нысандарына қарсы жасалған шабуылдардың Иран Ислам Республикасының Қарулы Күштері мен Қарсыласу майданының өзге де күштеріне ешқандай қатысы жоқ екенін ескертемін. Бұл – сионистік жаудың Ислам Республикасы мен оның көршілері арасына іріткі салу үшін «жалған ту» айласын пайдаланып жасап отырған қулығы, бұл басқа кейбір елдерде де орын алуы мүмкін. Осы бөлімге қатысты қалған мәселелерді бұрын айтқанмын.
Мырзамыздың – Алла Тағала оның келуін жақындатсын – дұғасымен және Ұлы Жаратушының ілтипатымен алдымызда ұлтымыз, барлық көршілеріміз, мұсылман халықтары және әсіресе Қарсыласу майданының өкілдері үшін жақсы, жеңіске және сан алуан материалдық әрі рухани игіліктерге толы жыл, ал Ислам мен адамзат жаулары үшін мүлде басқаша жыл күтіп тұр деп үміттенемін. وَنُرِيدُ أَنْ نَمُنَّ عَلَى الَّذِينَ اسْتُضْعِفُوا فِي الْأَرْضِ وَنَجْعَلَهُمْ أَئِمَّةً وَنَجْعَلَهُمُ الْوَارِثِينَ وَنُمَكِّنَ لَهُمْ فِي الْأَرْضِ وَنُرِيَ فِرْعَوْنَ وَهَامَانَ وَجُنُودَهُمَا مِنْهُمْ مَا كَانُوا يَحْذَرُونَ (Біз жер бетінде әлсіз саналғандарға игілік беруді, оларды имамдар етіп, мұрагерлер етуді, оларды жер бетінде орнықтыруды және Перғауын мен Һаманға және олардың әскерлеріне олардан қорыққан нәрселерін көрсетуді қалаймыз (Құран, Қасас 28:5–6)). صدق الله العلی العظیم و صدق رسوله الکریم و نَحنُ عَلی ذلکَ مِنَ الشّاهدین (Ұлы да Асқақ Алла шындықты айтты, Оның ардақты Елшісі шындықты айтты, ал біз бұған куәлік етушілерміз).
و السلام علیکم و رحمةالله و برکاته
Сіздерге Алланың сәлемі, рақымы және берекесі болсын.
Сейід Моджтаба Хосейни Хаменеи
29 эсфанд 1404 жыл