Жұмысшылар күні мен Мұғалімдер күніне орай үндеу
Бұл – парсы тіліндегі түпнұсқа мәтіннің аудармасы. Парсы тіліндегі түпнұсқа мәтін
بسمالله الرّحمن الرّحیم
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен.
Ордибехешт айының он бірінші және он екінші күндері – жұмысшының мәртебесі мен мұғалімнің абыройы құрметтелетін күндер. Өз кезегінде орынды әрі дұрыс іс болып табылатын сөзбен және символдық құрметтеуден бөлек, кез келген елдің дамуы ғылым мен амал деген екі қанатқа байланысты.
Мұғалім бұл мақсатқа жетудің алғашқы кезеңінде рөл атқарады. Білім беру, дағдыны арттыру және болашақ ұрпақтың көзқарасының өсуі мен болмысын қалыптастырудың маңызды бөлігі секілді жауапты міндет оған жүктелген. Әрбір мұғалімнің жанында өсетін оқушылар, студенттер мен діни білім алушылар алыс емес болашақта меңгерген дағдылары мен үйренген білімдерін іске асырады және, мүмкін, отбасының жылы ортасынан бастап жұмыс орнына, көше мен даңғылға дейінгі түрлі салалардағы мінез-құлқы, іс-әрекеті мен сөзінде айнадай өз мұғалімдерінің іс-әрекеттері мен сөздерін көрсететін болады.
Екінші жағынан, еңбек саласы – үйлердің ішінен, мекемелерден, кәсіпорындар мен мешіттерден бастап, егістіктерге, шеберханаларға, зауыттарға, кеніштерге және қызмет көрсету кәсіптерінің көптеген түрлеріне дейін созылатын, ел аумағындай кең сахна. Бұл кең алқап кез келген үлкен табыстың тіректері саналатын еңбекқорлық пен жауапкершілік деген екі элементтен неғұрлым көп үлес алса, елдің дамуы соғұрлым көбірек әрі жақсырақ қамтамасыз етіледі.
Білеміз, жұмысшы жауапкершілік пен ісінің жақсылығы арқасында кейде соншалықты мәртебеге жетеді, мұғалім мен тәрбиешінің мейірімді қолы сияқты оның да қабілетті әрі шебер қолын алғыс пен ризашылық белгісі ретінде сүйген жөн. Әрине, бұл әр адамның алғашқы тәрбиешілері – әке-шешесінің бауырынан, одан кейін мұғалімнің алдынан алған тәрбие арқылы қамтамасыз етіледі.
Енді Иран Ислам Республикасы қырық жеті жылдан астам күрестен кейін Алланың кеңшілігіне сүйене отырып, өзінің дамуы мен асқақтауының дұшпандарымен әскери шайқаста өзінің айтарлықтай қуатының бір бөлігін әлемге дәлелдегендіктен, экономикалық және мәдени жиһад кезеңінде де оларды үмітсіз қалдырып, жеңіліске ұшыратуы тиіс.
Мұғалімдер – мәдени шайқастағы ең ықпалды буын, ал жұмысшылар экономикалық шайқастағы ең ықпалды элементтердің бірі болмақ; сондықтан бұл екеуі мәдениет пен экономика саласының омыртқасы іспетті деп айтуға болады. Сол себепті олар өздерінің ерекше мәртебесінің маңыздылығын – оны атқарғаны үшін жалақы алынатын жай ғана кәсіптен жоғары тұратынын – жақсы түсінуі қажет.
Сонымен қатар, жыл сайынғы немесе анда-санда болатын сөзбен құрметтеулер орынды әрі лайықты болғанымен, осы екі топтың еңбегін бағалау бұдан да тереңірек әрі нақтырақ болуы тиіс екенін ескеру керек. Менің ойымша, қадірлі Иран халқы алаңдар мен көшелерге шығу арқылы өз елінің әскери күштеріне лайықты қолдау көрсеткеніндей, мұғалімдер мен жұмысшыларға көмектесуде де өздерінен күшті қолдау көрсетуі лайық.
Соның ішінде мектептер мен университеттерді басқаруда оқушылар мен студенттер отбасыларының өзара әрекеттестігі бұрынғыдан да көбірек қамтамасыз етілуі, сондай-ақ отандық тауарларды тұтынуға басымдық беру арқылы өндіруші жұмысшыларға қолдау көрсетілуі тиіс. Әсіресе зардап шеккен кәсіп иелері өндірістік бөлімшелерде де, қызмет көрсету бөлімшелерінде де мүмкіндігінше штатты қысқартудан және жұмыс күшін босатудан аулақ болуы, тіпті әрбір жұмысшыны сол өндірістік және қызмет көрсету бөлімшесінің байлығы ретінде қарастыруы тиіс; әрине, құрметті үкімет те мүмкіндігінше осы игі істі қолдауы керек.
Қадірлі Иран көп жылдық еңбектен кейін әскери держава ретінде көрінгеніндей, иншаАлла, Алланың кеңшілігімен тәрбиешілер мен мұғалімдердің қолымен ирандық-исламдық болмыстың сызықтарын айқындап, оны осы елдің жастарының санасы мен жан дүниесіне барынша сіңіру арқылы, сондай-ақ еңбекқор ирандық жұмысшылардың еңбегінің нәтижесі болып табылатын отандық өнімдерді тұтынуға басымдық беру арқылы даму мен асқақтау шыңдарына қарай өту жолын жүріп өтеді. Әрине, бұл мырзамыздың (Алла Тағала оның келуін жеделдетсін) игі дұғасы мен дәнекерлігімен барынша тез әрі жақсы жүзеге асады, بِاِذنالله تعالی (Алла Тағаланың рұқсатымен). والسّلام علیکم و رحمتالله و برکاته (Сіздерге Алланың сәлемі, рақымы мен берекесі болсын).
Сейед Моджтаба Хосейни Хаменеи
11 ордибехешт 1405 жыл